Ерімбетовті тергеу изоляторында ұрып-соқты деген ақпарат жалған. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттардан мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы 10 ақпанында тергеу қамауындағы Е.Ерімбетовтің анасы Алматы қаласында өткен баспасөз конференциясында ұлын тергеу изоляторында ұрып-соғып, азаптап жатыр деп шағымданған.
Осыған байланысты бірқатар құқық қорғаушылар Е.Ерімбетовпен бетпе-бет кездесу ұйымдастырды.
Осылайша, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі С.Оспанов пен Алматы қаласындағы Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі И.Мирошниченко аталған фактілерді тексеріп, анықтау үшін және қажетті көмектер көрсету үшін тергеу изоляторына барды.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 31 қаңтарда осы мекемеге Алматы қаласы Қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы А.Жанәбілова келді.
Ал осы жылдың бірінші ақпанында сотталған Е.Ерімбетовпен тілдесу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Жеміс Тұрмағамбетова мен Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис барып қайтты.
Ж.Тұрмағамбетова мен Е.Жовтис тергеу қамауындағы Е.Ерімбетовтің жағдайын тексеріп, онымен СИЗО қыметкерлерінің қатысуынсыз жасырын сипаттағы әңгімелесу өткізді.
Құқық қорғаушылардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне бару нәтижесі бойынша Е.Ерімбетовтің тарапынан қандай да бір шағымдар болған жоқ. Мекеменің коммуналды-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында құқық қорғаушылар тергеу изоляторының әкімшілігіне бірқатар ұсынымдар берді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ведомствоаралық жедел тергеу тобы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері банкир Мұхтар Әбілязовтың сыбайластары болуы мүмкін деп күдік келтіріліп отырған 4 адамды ұстағандығын хабарлаған болатынбыз.