«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық VІІІ Азаматтық форумында еріктілер қызметін оқушыларға оқыту бастамасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбеде төрт жылдан бері қайырымдылықты ту еткен «Жүректен жүрекке» атты еріктілер тобы жұмыс істеп тұр. Мен сонда жетекшімін. Атырау қаласынан тараған топты Ақтөбеде Әмина деген қыз жаңғыртқысы келіп, осы бастама кейін қолдау тапты. Бастапқы кезде 17 ерікті құрған топ мүшелерінің саны бүгінде 100-ге жетті. Еріктілер тобының ұйымдастыруымен 130-дан астам қайырымдылық шарасы, айтыстар, қайырымдылық кештері, спорттық шаралар, жәрмеңке және басқа да шаралар өткізілді. Соның нәтижесінде 7 млн теңгеге жуық қаржы түсті. Оның бәрі мұқтаж отбасыларға, сырқат жандардың игілігіне жұмсалды», - деді бөлісті Әлішер Садық форумның «Men senemin» азаматтық бастамалар конференциясында.
Оның айтуынша, төрт жылдың ішінде ауыртпалықтар мен өзіндік қиындықтар болған, десе де ол мәселелер шешіледі.
«Елімізде айтып келмейтін төтенше жағдай кезінде еріктілер көбінесе жұмылдырылмайды. Олардың сол апаттық жағдайға кіретін ортақ төлқұжаты болса деген ұсынысым бар. Францияда халықтың 19 пайызы кемінде бір рет ерікті жұмысымен айналысады. Германия халқының 34 пайызы айына 15 сағатын осы волонтерлық жұмысқа арнайды. Ирландия тұрғындарының 38 пайызы, АҚШ халқының 27 пайызы, Ресей тұрғындарының 8 пайызы волонтерлықпен айналысады. Ал бізде бұл сала дами қойған жоқ», - дейді ол.
Әлішер Садық еріктілік қызметті мектепте оқыту қажет екенін атап өтті.
«Оқушыға біліммен қатар, қоғамға көмек ұғымын да түсіндіру қажет. Шетелде осындай жұмыстар жүргізіледі. Егер мектеп қабырғасынан сол аумақтағы көшелердің тазалығын қамтамасыз ету, алғашқы көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қалай жұмыс істеу керек - осының бәрін үйретсек, болашақта өзіміз қиналмаймыз. Мүмкіндік болса, аптасына бір сағаттық сабақ ретінде енгізуге болады. Ол сабақты белсенді ерікті өткізсе деген ұсынысым бар. Осы қоғамдық шаралармен, қайырымдылықпен айналысқан оқушы болашақта елде болып жатқан әлеуметтік мәселелерді көріп, оны шешу жолдарын іздейді», - деп ұсынды ол.
Сондай-ақ ол еріктілердің төлқұжатын жасауды, олардың үстінен қарайтын республикалық штаб құру бастамасын көтеріп отыр.
Еске сала кетсек, дәл қазір Астанада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбындағы VIII азаматтық форум өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен өтетін ауқымды шара екі күнге созылады. 35 тақырыптық сессияға азаматтық сектор, мемлекеттік органдар, бизнес-құрылымдар, халықаралық ұйымдар, сараптамалық қауымдастықтан 850 делегат және 150 спикер қатысуда. Сессиялар семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер форматында өткізіледі.