15 жел, 2017 сағат 13:29

Ереуілдеген кеншілер жұмыс беруші компаниямен келісімге келді

Ереуілді тоқтатқан барлық кеншіге олардың жазаға тартылмайтыны туралы уәде берілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен өткен кездесуден кейін бірінші болып жер бетіне "Казахстанская" шахтасының кеншілері шықты. Артынша "Шахтинская", "Тентекская", "Ленин" шахтасының кеншілері көтерілді. 

Сағат 01.00-де барлық кенші (шамамен 420 адам) көтерілді.

"Кеншілерге жұмыс берушілер ұсынған шарттар туралы айтылды: барлық жер асты қызметкерлеріне 30 пайызға жалақыны көтеру. Жер бетінде жұмыс істейтін көмір кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көбейту мөлшерін алдағы келіссөздер барысында Келісу комиссиясы анықтайтын болады. Компанияның көмір департаментінің барлық жұмыскерлеріне еңбекақы көлемінде бір реттік сыйақы төленетін болады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ, жұмыс берушілермен 15 желтоқсанды демалыс күні деп жариялап, жұмысқа 16 желтоқсаннан бастап кірісу туралы ұсыныс жасалды.

"Кеншілер арасында Шахтинск қаласы прокурорының қолы қойылған хат таратылды. Хатта осы ереуілге қатысқаны үшін кеншілерді қылмыстық қудалаудан босату кепілдігі берілген. Сонымен қатар, прокуратура органы қажет болған жағдайда осы мәселеге қатысты құқықтық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Құрамына ынталы топ мүшелері, кәсіподақ комитеттері, прокуратура өкілдері, шахталардың директорлары, сондай-ақ облыс және АМТ басшылығы енген Келісу комиссиясы шеңберінде кеншілер жұмыс берушімен әлі де келіссөздерді жалғастырады", - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының таратқан мәлімдемесіне қарағанда,  шахталардың жұмысы қайта жанданған.

"15 желтоқсанда "Саранская", "Абайская", Күзембаев атындағы, Костенко атындағы шахталар жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта көмір департаментінің басқа да шахталарының жұмысын қайта жандандыру жұмыстары жүріп жатыр", - делінген компанияның хабарламасында.

Сонымен қатар, болат департаментінде металлургиялық комбинаттың және құрылғылардың тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін іске қосуға бағытталған жұмыстар жүріп жатқаны айтылады. 

"Жұмысшылар көмір тапшылығына байланысты өндірістегі қиын мәселелерді шешу үшін демалыс және мереке күндері жұмыс істейтін болады. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ әкімшілігі мен шахтерлар арасындағы келісім комиссиясының қатысуымен жүріп жатыр", - деді "АрселорМиттал Теміртау" өкілдері. 

Еске салайық, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері ауысымнан кейін жоғары қарай шықпай қойған.