Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу барысында жұмысқа орналасу, білім және медициналық көмек алу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу және тағы да басқа мәселелер көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәселен, тұрғындардың бірінің айтуынша, ол бірнеше ай бойы балаларды оңалтумен айналысып отыр. Оңалтудағы тиімді әдістердің бірі бассейндегі сабақтар екендігін, «балалар құлаудан қорықпай, жаңа қозғалыс дағдыларын жылдам меңгере алатынын» атап өтті.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов бұл бағыттың маңыздылығы туралы айтты. «Біз ерекше қажеттіліктері бар балаларға білікті көмек көрсетумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, дәрігерлермен, әлеуметтік қызметкерлермен бірнеше рет кездестік. Ұсыныстарды тыңдаймыз. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетеміз, бассейнде оңалту жаттығуларын жасататын сабақтарға қолдау көрсетеміз. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша медициналық көмек көрсетіледі», - деді Нұр-Сұлтан басшысы.
Қала әкімі азаматтарды 5 ақпан күні де қабылдаған болатын. Тұрғындардың өтініштері бақылауға алынды. 8 ақпан (сенбі күні) «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Ашық әкімдік» форматында ашық есік күні өтеді.