11 қар, 2022 сағат 13:51

Ердоғанға Түркі әлемінің ең жоғарғы ордені табысталды


Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға түркі әлемінің ең жоғарғы орденін табыстау туралы бастама көтергенін айтты - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Біздің бірлігіміз жыл өткен сайын нығайып келеді. Соның арқасында Түркі әлемінің халықаралық аренадағы саяси салмағы едәуір артты.

Түркия Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған бір жыл бойы Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде ұйымның мәртебесін көтеріп, ықпалын нығайтуға зор үлес қосты. Сол үшін бауырым - Режеп мырзаға алғыс айтамын.

Республика атанғанына келесі жылы бір ғасыр болатын бауырлас Түркия елі өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін. Осы орайда, мен құрметті Режеп бейді "Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен" марапаттау туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысым бірауыздан қолдау тапты. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, - деді Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында.