Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңге бағамына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылы Қазақстанның валюта нарығы күрделі күтпеген өзгерістерді өткерді. Жаһандық пандемия және шикізат нарықтарындағы күтпеген өзгерістер 2020 жылғы наурызда теңге бағамының 17 пайызға 448,5 теңгеге дейін әлсіреуіне әкелді. Осының аясында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, ішкі валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады», - деді Е. Досаев.
Оның айтуынша, тиісті қабылданған шаралардың арқасында теңгенің айырбастау бағамы әлсіреуін біршама өтеп, 2020 жылдың соңына қарай 6,1 пайызға 420,91 теңгеге дейін нығайды.
«Нәтижесінде, дамушы нарықтар валюталарының айтарлықтай әлсіреуі аясында теңгенің бағамы бір жыл ішінде тек 10 пайызға төмендеді. 2021 жылы өзгермелі бағам режимін нығайту және Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және нарықтың құбылмалылығын реттеу операцияларын жүргізу кезінде нарықтық қағидаттарды сақтау бойынша одан әрі шаралар қабылданатын болады», - деді ҰБ басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылдан бері байқалған төлем балансының созылмалы тапшылығы сыртқы жағдайлардың нашарлауы аясында күшейе түскен.