15 қыр, 2023 сағат 13:32

Ер адамдар әйелдер камерасына өткел жасап алған: кінәлілер жазаланды


Оралдағы тергеу изоляторында қамауда отырған ер адамдар әйелдер камерасына өткізетін өткел жасап алған. Оқиғадан кейін кінәлі шенеуніктер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

"Бұл деректі мекеме әкімшілігінің қызметкерлері биыл шілдеде анықтады. Қызметтік тергеу нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді ҚАЖК баспасөз қызметі өкілі.

Сонымен қатар мекеме әкімшілігі камера араларындағы бүлінген қабырғаларды жөндеген.

"Осындай тәртіпбұзушылықты болдырмау мақсатында әйел адамдарды ұстауға арналған камералар жеке блокқа ауыстырылды", - деп мәлімдеді ҚАЖК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Оралдағы тергеу изоляторында түсірілген видео пайда болған еді. Кадрда ер адам қабырғадағы тесік арқылы басқа бөлмеге өткені көрінеді. Ролик авторының айтуынша, тұтқындағылар ескі қабырғаны тесіп, әйелдер камерасына кіріп жүрген.

видео: Мой Город | Уральск | ЗКО / Telegram