Фото: Halyq Uni
Қазақстанның 10 өңірінде Eolus компаниясы атымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Істер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген.
«Eolus» компаниясының шын мәнінде жұмыс істейтінінің дәлелі ретінде, ұйымдастырушылар «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» ЖШС бір азаматтың атына тіркеу арқылы оны өздерінің қылмыстық іс-әрекетіне тартқан.
"Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажетті соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5-тен 3,5%-ға дейін пайда алады.
Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10% мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сондай-ақ жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4% төленеді. Осылайша, сыйақы сомасы жылдық 3000%-ды құрады.
Қазақстандағы өкіл ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктегі өз шотына қабылдайды, содан кейін криптобиржаға аударып, айырбастау жүргізеді. Соңында криптокошелек арқылы «energyeolus.top». платформасындағы өз шотына аударады" - делінген хабарламада.
Тартылған азаматтардың жалпы саны кемінде 3 000 адам, оның ішінде 1 773 салымшы 259 млн теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген.
Агенттік қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертеді.