06 там, 2019 сағат 08:44

Еңсеміз көтеріліп қалатын болды – өтемақы карточкасын алған Арыс тұрғыны

Әр отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден өтемақы алу үшін банк карточкалары қолдарына тиген Арыс тұрғындары алғыстарын білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«100 мың теңгелік өтемақының карточкасын алып, ырза болып бара жатырмыз. Барынша қолдау білдіріп жатқан халыққа, үкіметке рахмет айтамын. Шығындар болып жатыр. Бәрі орнымен шешіліп келеді. Ешкімге қапа емеспіз. Етек-жеңіміз жиылып, еңсеміз көтеріліп қалатын болды», - дейді үйіндегі бес адамға 500 мың теңге тигелі тұрған Арыс қаласының тұрғыны Абай Молдабеков.

Жарылыс болғалы бері Арыстан аттап шықпаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс барысын күнде бақылауға алып, әр сектордың жұмысын жіті қадағалап жүр. Оның айтуынша, осы аптада Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстары өздеріне тиесілі секторлардағы жұмысын аяқтауға жақын қалған.


«Бір ай бұрын кіші ауданда сау қалған бірде-бір үй қалмап еді. Бүгін көз тоярлық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тақауда ғана басталған үйлер 10-15 күннің ішінде толығымен бітеді деп санаймын. Арыс тұрғындарына айтарым: көп төздіңіздер – енді кішкене шыдай тұрыңыздар. Жұмысты түгел бітпей, ешкім ешқайда кетпейді. Жұмыстарды толығымен бітіріп береміз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске сала кетсек, кеше Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы беру үшін банк карталары таратыла бастаған еді.

«100 мың теңге тіркеуде тұрғандарға түгел таратылады. Анықталған 55 мыңнан астам адам 12 тамыздан бастап қаражатқа қол жеткізеді. Бүгінгі таңда екі ауылдық елдімекен мен Арыс қаласындағы 17 секторда банк карталары таратылуда. Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қаласынан «Халық банкінің» 120 қызметкері Арысқа арнайы келіп, жұмыс жүргізіп жатыр», - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев ақшаны алудың тәртібін түсіндірген еді.