Электр энергиясына тарифті баю үшін көтеруді өтініп отырғанымыз жоқ. Бұл туралы Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағының төрағасы, «Самұрық-Энерго» АҚ омбудсмені Оразбек Бекбас айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электр энергиясына тарифті қысып ұстап тұру салдарынан саланың жағдайы жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Бүгінде елімізде жылу мен электр энергиясын өндіру, тарату саласындағы мекемелердің саны 100-ден асады. Тариф төмен болуы себепті оларға инвестиция келмей жатыр. Стансаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де қаржы түспей тұр. Біздегі негізгі құрал-жабдықтардың тозуы 60 пайыздан асып барады. Жылу электр стансаларындағы бу турбинасы, бу қазандары, диірмен, ұсақтағыш сынды жабдықтар әбден тозған. Оларды жамау-жамау қылғаннан не шығады? Соның салдарынан апаттар жиілеп тұр. Жақында ғана Теміртау жылу электр стансасында апат орын алғаны белгілі. Шағын стансалар, электр желілері баяғыда пайдалануға берілген. Оларды да айырбастау қажет», - деді кәсіподақ төрағасы.
Оның атап өтуінше, бүгінде еліміздің жылу электр энергиясын өндіру және тарату саласында 102 мың адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 217 135 теңгені құрайды.
«Қазақстан бойынша орташа жалақы - 233 136 теңге. Яғни, экономиканың негізі саналатын салада еңбек ететін энергетиктердің еңбекақысы еліміздегі орташа жалақыдан 6,8 пайызға төмен. Айталық, қаржы-сақтандыру саласының орташа жалақысы 422 мың теңге болса, мұнай-газ саласында бұл көрсеткіш 472 мың теңгеден асып жығылады. Демек, аталған сала қызметкерлері энергетиктерден 2 есе жоғары жалақы алады. Соның салдарына саладан мамандар кетіп жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» АҚ омбудсмені электр энергиясында әділетті тариф болуы керектігін баса айтады.
«Жағдай қиын, саланың жоғалтып алуымыз мүмкін. Тарифті біз баю үшін көтеруді өтініп отырғанымыз жоқ. Әділетті тарифі болуы керек, сала жұмысшыларының жалақысы да әділетті болуы тиіс. Энергияға тариф көтерілсе экономика нығая түседі. Халыққа тариф көтерілмейді, бұрынғыдай қалады. Халық төлейтін тарифті бизнес пен бюджет төлейді. Ол реттеліп отырады», - деді Оразбек Бекбас.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі электр энергиясына арналған тарифтерді көтеру туралы бұйрығының жобасын жариялады. Құжат наурыздың 26-сына дейін талқылауға шығарып отыр.