2019 жылы 20 шенеунік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы брифингте Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров мәлімдеді.
«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қолдау үшін жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді. Дегенмен, бұл саланың дамуына жемқорлық фактілері үнемі кедергі болып отыр. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы осы салада шамамен 104 қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде 91 қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өзі тіркеген. 56 өндіріс аяқталып, оның 49-ы сотқа жолданды. Аталған қылмыстық істер бойынша 20 лауазымды тұлға сотталды. Тек 2019 жылы мемлекетке жасалған қылмыстардан келген залал 2,5 миллиардтан астам теңгені құрады. Қазіргі уақытта келтірілген шығын 100% өтелді», - дейді Данияр Бегайдаров.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта аймақтарда сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар қылмыстық істер қаралуда. ТКШ саласында бұл - негізінен пара алу, қызметті асыра пайдалану және атқарылған жұмыс актілеріне заңсыз қол қоюға байланысты ұрлық түріндегі сыбайлас жемқорлық фактілері. Бұл су тазарту құрылыстарын күрделі жөндеуден өткізу, сумен жабдықтау жүйесіне тиісті жабдықтарды орнату, көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, көлік құралдарының жылдамдығын күшейту үшін жабдықты орнату туралы актілер.
Сондай-ақ, тендер кезінде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алып отыр. Үй алу кезегін жылжытуға байланысты пара алу фактілері, магистральдық желілерді, сумен жабдықтау және су тазарту құрылыстарын қалпына келтіруге бөлінген қаражатты ұрлау фактілері де кездеседі.
«2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласындағы 300-ден астам сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Оның ішінде 288 қылмыстық іс аяқталды, 92% немесе 265 іс сотқа жолданды, сонымен қатар 78 адам сотталды», - дейді ол.