27 қаз, 2021 сағат 19:19

Энергетика саласына қосымша инвестиция тартылып жатыр ма?


Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев энергетика саласына қосымша инвестиция тартудың қажеттілігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Baribar.kz сайты.

БАҚ өкілдері энергетикалық кешен жобаларына бұдан бұрын салынған қаражат қаншалықты тиімді болғанын сұрады.

Негізгі энергетикалық қорлардың жоғары тозуын ескере отырып, энергетикалық секторды 2060 жылға дейін жаңғырту шамамен 305 миллиард АҚШ доллары инвестиция көлемін тартуды талап етеді. Қосымша инвестицияларды тарту көмір стансаларын жаңғырту, бу газ қондырғыларына көшу және жасыл сутегін дамыту үшін қажет. Көміртекті ұстау және сақтау технологияларын енгізу үшін 37,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестициялар қажет болады, − деді Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.

Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков те жауапты толықтыра кетті.

Қазіргі таңда біздің бар қуатымыз – 23 мың мегаватт (МВт). Оның 53%-і тозған. 2009 жылдан бастап қазіргі таңға дейін шамамен 4,5 мың МВт қуатына модернизация жасадық. Енді қалған 40%-іне инвестиция тартып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуіміз керек, – деп айтты ол.