13 мам, 2022 сағат 12:27

Енді қандас мәртебесін eGov.kz порталы арқылы алуға болады


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметін цифрлық форматқа көшірді. Енді ол «Электрондық үкімет» (eGov.kz) порталында қолжетімді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұрын бұл қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарында көрсетілетін. Енді қызметке eGov.kz порталында тапсырыс беруге болады. Ол үшін өтініш берушінің ЖСН мен электронды цифрлық қолтаңбасы болуға тиіс.

Қызметті алу үшін өтініш беруші барлық міндетті жолды толтырып, сұратылған құжаттарды қоса ұсынуы қажет. Тіркелген файлдар pdf немесе jpg форматында болуы керек.

Өтінім берген кезде қолданушы қандас мәртебесін беру немесе ұзартуға қатысты отбасы мүшелері бойынша да мәліметтерді толтыра алады. Бұл ретте отбасы мүшелерінің санына шектеу жоқ. Осыдан кейін қолжетімді тәсілдердің бірімен сұрау салуға қол қою қажет.


"Ұсынылған деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексеріледі.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 4 жұмыс күні. Нәтижесінде өтініш беруші қандас куәлігін алады немесе жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылдайды. Өтініште ұсынылған құжаттар мен мәліметтер дұрыс болмаған жағдайда, қолданушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады" - делінген министрлік хабарламасында.

Нәтижелер электрондық құжат түрінде қолданушының «Жеке кабинетіне» жіберіледі.