11 мау, 2022 сағат 16:21

Алматы облысының жаңа әкімі Сұлтанғазиевтің ағасы қызметінен кетті


Алматы облысының жаңа әкімі Марат Сұлтанғазиевтың ағасы қызметінен кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуат Сұлтанғазиев өз еркімен қызметінен босатылды. Ақпаратты Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі растады.

"Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болып тағайындалуына байланысты, Қуат Сұлтанғазиев өз еркімен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметінен босатылды", - деді өңір басшысының баспасөз қызметі. 

Қуат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметін бірнеше ай ғана атқарып үлгерді. Ол бұл қызметке биыл ақпанда тағайындалған болатын.

Қуат пен Марат Сұлтанғазиев ағайынды. Бүгін ел Президентінің Жарлығымен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметіне кірісті.