02 нау, 2022 сағат 19:06

Еңбек ұжымдарындағы ереуілдерді реттейтін заңнама әзірлеу тапсырылды


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов еңбек ұжымындағы ереуілдерді реттейтін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек ұжымдарында санкция берілмеген ереуілдер мен шерулердің белең алғанын ескерсек, жұмысшылардың талаптарын айту процедураларын заңнама аясында оңтайландыру керек. Еңбек даулары туындаған жағдайда оны шешудің нақты заңнамалық үлгілері айқындалуы қажет. Мұндай шара еңбек дауларын құқық аясында шешуге мүмкіндік береді», - деді Ералы Тоғжанов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Сондай-ақ, вице-премьер сыртқы көші-қон процесін аймақтардың жұмыспен қамту әлеуетін ескере отырып реттейтін ұсыныс дайындауды тапсырды.

«Сыртқы көші-қон бойынша нақты шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Оның ішінде Түркістан, Маңғыстау облыстарына байланысты мәселе бар. Маңғыстауға адамдар әбден қоныстанып болғаннан кейін, енді басқа өңірлерге таратайық деген сұрақтар туындап жатады. Сырттан келген азаматтарды бірден нақты өңірлерге бағыттау керек. Ол бойынша сіздерден нақты ұсыныстар күтеміз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.