26 қаз, 2021 сағат 11:25

«Еңбек» бағдарламасының нәтижесі қандай?


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы 9 айда 377 мың адам жұмыспен қамтылды және оның 70 пайызы – тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар барлығы 65 мың адам оқумен қамтамасыз етілді. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 29 мың адам микрокредиттер мен кайтарымсыз грантқа ие болып, оның 25 мыңнан астамы алғаш рет өз ісін ашты және қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрды», - деді Еңбек министрі Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, 5 500 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Жұмысқа қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 78 пайызы жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарламаға қатысушылардың 39 пайызы – жастар, 50 пайызы – әйелдер және 53 пайызы – ауыл тұрғындары. 

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған «Еңбек» бағдарламасы 83 пайызға орындалды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық көрсеткіштер толығымен орындалды. Қалған өңірлердегі әкімдіктерді осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет», - деді Шәпкенов.