Келер жылы елімізде ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге артады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым.
Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. Сонымен бірге, көлемі бүгінде жария етіліп жүрген жалақының 30, тіпті кейде 40 пайызына дейін жететін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтады.
Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл Ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады.
Бұдан былай ең төменгі жалақыны салықтық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды қою керек», - деді Мемлекет басшысы.