23 қыр, 2021 сағат 19:00

Ең төменгі айлық өссе, салық та өсе ме?


ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ең төменгі айлықтың салықтың мөлшеріне қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет үйінде өткен брифингіде Әсет Ерғалиевке БАҚ өкілдері осындай сұрақ қойған болатын.

«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы ең төменгі еңбекақыны салық және әлеуметтік төлемдерді есептеу көрсеткіші ретінде қолданудан кетуді тапсырған болатын. Біз білеміз, бүгінде Салық кодексінде ең төменгі айлық тек жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтардың ең төменгі көлемін есептеп шығару стандартына ғана байланған. Ұлттық экономика министрлігі осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл жұмысты аяқтаймыз», - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, аталмыш брифингіде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді ақша аударымдары қалай заңдастырылатынын түсіндірді. 

«Бұл жерде айта кететін негізгі бір мәселе – халық тарапынан алаңдау болмауы керек. Себебі азаматтардың қолданып жүрген карта шоттары сақталады. Олардың күнделікті өзара бір-біріне аударып жүрген ақшаларына ешқандай нұқсан келмейді. Яғни, бүкіл процесс сол күйінде сақталады. Алдында да айтқанымыздай, мобильді аударымдарды фискалды ету үшін ғана заңға біртіндеп өзгерістер енгіземіз. ҚР Ұлттық банкі жинақтап отырған мәлімет бойынша, 8 айда мобильдік аударымдар арқылы және интернет желісі арқылы жүргізілген аударымдар мен төлемдердің жалпы көлемі 36 трлн теңгенің маңайында қалыптасып отыр. Бұл өте қомақты сома», - деді Ерұлан Жамаубаев.