21 мау, 2022 сағат 14:35

Ең төмен жалақыны ауыл шаруашылығындағы мамандар алады


Қазақстандықтардың көбі еңбек өнімділігі төмен салаларда қызмет етіп жүр. Мұндай мәліметті ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда жұмыспен қамтылған халықтың көбі ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету сияқты өнімділігі төмен салаларда жұмыс істейді. Мұны елде еңбек өнімділігі төмен, айлық аз төлеуге болатын жұмыс орындары ашылып жатқанымен байланыстыруға болады», - деп жазды Үкімет басшысы өз жауабында. 

Оның айтуынша, елдің экономикасындағы еңбек өнімділігі 1 адамға шаққанда 8,2 млн теңге болып отыр. Бірақ ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 3,3 млн теңге, қызмет көрсету саласында 6,8 млн теңге болып тұр. Ал қайта өңдеу саласында 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 19,5 млн теңгеге жеткен.

«Айлықтың төмен болуына жұмыс күшінің біліктілігі төмен болуы әсер етуде. Осыған байланысты жұмыс күшінің өнімділік қабілетін арттыру шаралары іске асырылады. Ал ол үшін өнімділігі жоғары жұмыс орындарын көптеп ашып, өңдеуші саланы жаңа технологияларды игеруге ынталандыру қажет. Оның әсерінен бірнеше тізбекке созылып, бірнеше саланы қатар дамытады. Соның арқасында аралас салалар дамып, импорт алмастыру, өндірісті цифрландыру және автоматтандыру шаралары жеделдейді», - дейді Әлихан Смайылов.