Жаңа ғана Польша арқылы Украинада жүрген бір топ қазақстандық елордаға ұшып келді. Соның бірі - Аслан Хастаев. Елге аман-сау жеткен жерлесіміз алғашқы әсерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Украинаға жұмыс бабымен барғанмын. Өзім Қазақстанда Шу қаласында тұрамын. Украиндар - өте жылы халық, қиын сәтте қолдау көрсетті. Бізді аман сау елге әкелген Үкіметке алғыс. Украина шекарасында 30 автобус адам, екі күн бойы шекара кезегінде тұрдық. Мен Днепропетровск қаласында болдым, ол жерден Львовқа жеттім. Одан әрі бізді елшілік өкілдері автобуспен жеткізді», - дейді Аслан Хастаев.
Сөз арасында жерлесіміз адамның кез келген уақытта төтенше жағдайға тап болатынын айтты.
«Менің бақытыма орай, әлеуметтік желідегі чат арқылы күтпеген жерден такси табылды. Львовқа дейін 455 доллар алды. Бастысы - елге жеттік, елшілік қызметкерлері үнемі байланыста болды. Қазір 1 сағаттан соң пойыз келеді, маған вокзалға жетіп үлгеру керек», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Украинадағы Қазақстан азаматтарының екінші легі елордаға келді.
Олар Польшаның Катовице қаласынан Атырауға, одан әрі ел астанасына жетті. Бортта 120 ересек және 4 бала бар.
Елге аман сау жеткен отандастарымызды елорда жұрты қуанышпен қарсы алды.
Айта кетейік, еліміздің Cыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтарды Украинадан отанына қайтару жұмысын жалғастырып жатыр.