30 қаз, 2019 сағат 16:42

Елорданың спорт нысандары көпшілікке қаншалықты қолжетімді?

Нұр-Сұлтан қаласында 11 балалар мен жасөспірімдеріне арналған спорт мектебінде 49 спорт түрінен секция бар, оның қызметін 9 300 адам тегін пайдаланады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Елорданың бірқатар спорт нысанында халықтың спортпен кедергісіз жаттығуы үшін жағдай жасалған. Мәселен, «Алау» мұз айдынында жаттығу залы пен мұз аренасында жаппай сырғанау қызметі ұсынылады. Онда студенттер, оқушылар, зейнеткерлер, бірінші санаттағы мүгедектер үшін 50% жеңілдік бар. 7 жасқа дейінгі балаларға және көпбалалы отбасылардың балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ІІ, ІІІ санаттағы мүгедектер тегін қатыса алады.

«Дәулет» спорт кешенінде 5-14 жасқа дейінгі 620 бала айналысады, оның 255-і тегін, ал 365-і ақылы түрде қатысады. 12 жаттығудың ақысы 13 500 теңге. Бұған қоса, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына 50 пайыз жеңілдік бар.

Мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша Паралимпиадалық жаттығу орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Жаттығу пара йога, үстел теннисі, пара каратэ, пара таеквандо, арбамен билеу, пара бадминтон, пара пауэрлифтинг, пара аэробика, отырып волейбол ойнаудан өтеді.

Сондай-ақ «Тарлан» спорт кешенінде жұмыс күндері сағат 13.00 мен 15.00 аралығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін сырғанау ұйымдастырылады, коньки тегін беріледі. Қайтарымсыз негізде слеш-хоккей мен сурдо-хоккейден жаттығу жүргізіледі. Кешкісін жаттыққысы келген азаматтар Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионның жүгіруге арналған жолын тегін пайдалана алады.