06 там, 2019 сағат 17:08

Елорданың мұқтаж жандарына көмірге қанша ақша берілетіні белгілі болды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрмысы төмен отбасыларына көмір сатып алуға 20 200 теңге беріледі. Бұл туралы елорданың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жылу беру маусымы кезеңінде әлеуметтік көмек пешпен жылытылатын жер үйлерде тұратын мүгедектерге, мүгедек балаларға, зейнеткерлерге, жан басына шаққандағы табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын (133 432 теңге) көпбалалы отбасыларға көрсетіледі.

"Өтемақы сомасы 20200 теңгені, яғни 8 айлық есептік көрсеткішті құрайды", - деді Төлеуов жылу беру маусымына дайындық туралы брифингте.

Айтуынша, өтемақы тек бір рет төленеді. Әлеуметтік көмекті алу үшін мұқтаж жандар әкімдікке өтініш жазып, тиісті құжаттарды ұсынуы керек.

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, елордада жылу беру маусымы кезеңінде бір отбасы шамамен 7-10 тонна көмір жұмсайды екен.

Сондай-ақ, Төлеуов елордада көмір сататын жеті ірі компания бар екенін атап өтті. Олардың барлығымен көмір бағасын көтермеу туралы меморандум бекітілген.

"Бүгінгі күні көмір бағасы 12 мыңнан 14 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленді", - деді басқарма басшысы.

Тамыздағы жағдай бойынша көмірдің жалпы қоры 19 мың тоннадан асады.