03 қаз, 2019 сағат 09:27

Елорданың қоғамдық көлік жүйесі 100 жаңа электробуспен толығады

Жақында елордадағы қоғамдық көлік жүйесіне 100 жаңа электробуспен толығады. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елордада 100 жаңа электр автобусы пайда болады. Осы орайда автобус тапшылығын қысқартып, жылжымалы құрамды жайлы автобустармен жаңартамыз. Автобустардың жүру интервалы қысқартылады, яғни аялдамаларда автобустардың күту уақыты да қысқарады», - деді Игенбердинов.

Белгілі болғандай, жыл соңыға дейін 50 электробус қала көшелеріне шығады, қалған алдағы жылы жеткізіледі.

Оның сөзіне қарағанда, 12 метрлік автобустар төмен еденді болып келеді және 350 шақырым жол қоры бар литий-темір-полимерлі батареямен жабдықталған. Батареяның қызмет ету мерзімі 10 жылды құрайды. Батареяға кепілдік – 7 жыл, электрқозғалтқышқа – 5 жыл.

Жайлы болуы үшін электробустар қосымша жабдықталған, бұл оның құнына да әсер етті. Базалық жиынтыққа мынадай қажетті жүйелер мен компоненттердің тізімі қосылды: жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі, диспетчерлендіру, бейнебақылау, ақпараттандыру жүйелері, қысқы жиынтық, жылыту және батареяларға арналған жылыту жүйесі, аккумуляторларды төмен температурада басқарудың зияткерлік жүйесі.

«Астана LRT» басшысының айтуынша, биылғы ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы автобус паркі отандық өндірістің электробусын сынақтан өткізді. Тестілеу қыс кезеңі (~ -38℃) ең төменгі температура кезінде жүргізілді. Электр энергиясының шығыны 1 км-ге 0,91 кВт құрады. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Атырау автобус паркімен бірлесіп батыс өңірдің климаттық жағдайларында сынақ жүргізді, сондай-ақ электробус батареяларын Нұр-Сұлтан – Қостанай – Нұр-Сұлтан бағдары бойынша ұзақ қашықтыққа пайдалану кезінде сынақтан өткізді.

«Сынақ қорытындысы бойынша электробус оң нәтиже көрсетті. Тестілеу аясында электробустың қажетті жинақталымы қалыптастырылып, қалалық бағыттарда пайдалану үшін барлық қажетті жағдайлар ескерілді», - деді ол.

Игенбердинов атап өткендей, аталған қоғамдық көліктер ұлттық лизинг операторы «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы автобус паркін отандық өндіріс техникасымен жаңарту бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алынады. Лизинг мерзімі жылдық 7 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылды құрайды.

«Бұл Қазақстандағы лизингтік мәмілелер үшін ең төменгі мөлшерлеме. Айта кетерлігі, лизингтік қаржыландыру теңгемен жүргізіледі, бұл қазіргі жағдайда тұрақтылыққа кепілдік береді», - деді «Астана LRT» басшысы.

Оның атап өтуінше, жеткізушіні таңдау кезінде электробустардың әлемдік нарығына талдау жүргізілді. Мысалы, француздық 12 метрлі Heuliez Bus GX 337 Electric электробусының ең төменгі құны 460 000 еуродан немесе неміс MAN Lion's City E – 580 000 еуродан, неміс Mercedes eCitaro – 510 000 еуродан басталады. Сонымен қатар, электробус батареяларының түрі мен көлемі бойынша айырмашылығы бар екенін, бұл олардың құнына тікелей әсер ететінін назарға алған жөн.

Өнім берушіні таңдаудағы тағы бір маңызды фактор – ол конкурс жарияланған кезде, яғни 2019 жылғы 28 маусымда, отандық тауар өндіруші болуы тиіс. Осы орайда «СарыарқаАвтоПром» компаниясы барлық қажетті талаптарға сай болды, оның Yutong ZK6128BEVG электробусының 1 бірлігінің құны 146 712 333 теңге, бұл бүгінгі күнгі бағам бойынша шамамен 388 мың АҚШ долларын құрайды.

Сондай-ақ, Игенбердиновтың айтуынша, электробустарға жүргізушілер дайындалып жатыр.

«Көп жылдан бері біз автобустардың түрлі модельдерін пайдаланып келеміз, олардың техникалық сипаттамасы бізге түсінікті. Бұл тұрғыда әр модельге тыңғылықты қарау керек. Осы орайда өзіміздің тәжірибемізді ескере отырып, сапалы техниканың мән-жайынан хабардармыз. Қымбат емес автобустарды алып, олар бір жылдан кейін шашыла бастаса, бұдан шығынға тап боламыз. Біздің қала өсіп келеді, жыл сайынғы өсім 5 пайыздан астам. Тұрғындар қоғамдық көлікке белсенді түрде ауысып жатыр.

Сәйкесінше, қауіпсіздік пен пайдалану қолайлығы тұрғысынан барлық талаптарға сай техниканы алуға тырысамыз. Талдау нәтижелері бойынша электробустарды алу шешімін қарастырдық. Осы ретте сапалы өнімді алып, елеулі шығынсыз бұл машиналар 10 жыл жүріп береді дегенді түсіну керек. Қазіргі кезде жүргізушілерді дайындап жатырмыз, яғни осы электробустарға біліктілігі бар мамандар отырғызылады. Электробустарда аса көп бөлшек жоқ, онда негізгі бөлшегінің бірі - батарея. Батереяға кепілдік мерзімі белгіленген, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету де ескерілген», - деді Бекмырза Игенбердинов.