Елордада Sinopharm вакцинасының 214 мың дозасы бар. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басышсы Тимур Мұратовтың айтуынша, бұл мөлшер вакциналау мен ревакциналауға жататын контингентті толық қамтуға жеткілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда вакцинация мен ревакцинацияға бір ғана вакцина бар – қытайлық өндірушінің Sinopharm вакцинасы. Саны жеткілікті. Бүгінгі таңда 214 мың дозасы бар. Бұл жеткілікті мөлшер», - деді басқарма басшысы.
Айтуынша, қала аумағында толық ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамды вакцинациялау жоспарланған болатын.
«Қала бойынша емханаларда 34 егу кабинеті жұмыс істейді. Ревакцинацияға келер болсақ, 20 шілдедегі мәлімет бойынша 151 мыңға жуық адам бастапқы компонентті алды, 6 мыңнан астам адам толық ревакцинациядан өтті. Ревакцинациядан қайта өту курсын 61 мыңнан астам адам алды.
Бүгінгі таңда бала емізетін және жүкті әйел адамдар мен жасөспірімдер арасында вакцинациялау айтарлықтай жақсарған. Аталмыш санаттағы 40 мыңнан астам адам вакцина алды. Барлығы 2 мыңнан астам жүкті әйел, 31 мыңдай жасөспірім және 7 мыңнан астам бала емізетін әйел толық иммундаудан өтті. Енді шамамен 800 адам 2 компонентпен қамтылмақ. Осы бағытта емханалардың жұмысы одан әрі жалғасуда», - деді Тимур Мұратов.
Сондай-ақ, ол елордадағы стационарлық төсектердің 41%-ы бос емес екенін мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық ахуал «сары» аймаққа жақындап келеді.