© Sputnik / Владислав Воднев
Сейсенбі, бесінші шілдеде 19 жастағы жігіт ерекше селфи жасаймын деген оймен Нұр-Сұлтандағы көпірдің аркасына шығып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде куәгерлердің жариялаған видеосы тарады. Видеодан белгісіз біреу елордалық көпірдің доғасына шығып алғанын көруге болады.
Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 5 шілде сағат 13.25-те "102" арнасына елорда тұрғындарынан Қабанбай батыр даңғылындағы көпірдің аркасына бір адам шығып кеткені туралы қоңырау келіп түскен.
"Оқиға орнына дереу полиция жасағы келді. Ерекше фото түсірмек болған 19 жастағы әуесқой полицияға жеткізілді. Тәртіп бұзушы мұндай әрекетке елорда көрінісімен суретке түсу үшін барғанын айтты. Жігіт кешкі серуеннен кейін суретке түсуге шешім қабылдаған, ал селфи әсерлі шығу үшін көпірге көтерілген. Бірақ көпірдің үстіне шыққанда, төменде тұрған тәртіп сақшыларын көріп, қорқып, суретке түсе алмаған", - деп мәлімдеді елордалық полицияның баспасөз қызметі.
Полицейлер жас жігітпен қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылыққа жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Полиция мұндай фотосессияның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін екенін ескертті және әдемі сурет үшін өмірге қауіп төндірмеуге шақырды.