10 қаң, 2020 сағат 09:23

Елордалық ұстаздар «Педагог мәртебесі туралы» заңның артықшылықтарын атады

Нұр-Сұлтан қаласының ұстаздары «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңды талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

№ 77 мектеп-гимназияда өткен дөңгелек үстел отырысына қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, елордалық білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары, «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының және ата-аналар қауымдастықтарының мүшелері қатысты.

Шараға қатысушылардың бірі, №22 «Әлем» балабақшасының әдіскері Ольга Гелеверя тәрбиешілер құқығы мұғалімдермен тең дәрежеде екендігін атап өтті. Бұл, педагогикалық шеберлігі үшін ақы төлеу және демалыс мерзімінің ұзаруынан көрініс тауып отыр.

«Заңда педагогтар жалақысын осы жылдан бастап 25% арттыру қарастырылған. Бұл, қуанышты хабар. Себебі мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтардың жалақысы жоғары емес. Сонымен қатар, тәрбиешілерге педагогикалық шеберлігі үшін жалақы көлеміне сай 30%-дан 50%-ға дейін ақы төленетін болады. Қазіргі кезде тәрбиешілер мұғалімдермен тең құқылы. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар ұстаздарына демалыс мерзімі 56 күнге дейін ұзарды. Одан бөлек, педагогтарға негізсіз тіл тигізгені үшін айыппұл қарастырылған», - деді Ольга Гелеверя.

Сондай-ақ, жаңа заң туралы пікірімен Көлік және коммуникация колледжінің директоры, мәслихат депутаты Зулфухар Гаипов бөлісті.

«Заңның 8-бабының 4-тармағы көңілімізден шықты. Онда негізгі жұмыс орны мемлекеттік мекеме болатын педагогтарға философия ғылымдарының докторы дәрежесі, сондай-ақ ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін 17 АЕК (45 мың теңге), ғылым докторларына 34 АЕК (90 мың теңге) көлемінде ақы төленеді деп айтылған. Бұл педагогтар үшін үлкен ынталандыру», - деді ол.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң – педагогикалық қауымдастықтың беделі мен еліміздегі әрбір педагогтың рөлін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

«Педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Мамандық жастар мен өскелең ұрпақ үшін тартымды болады. Қазіргі уақытта кадрлардың жетіспейтінін ескерсек, бұл өзекті мәселе. Бұл заң жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді», - деді Бақтияр Мәкен.

Әкім орынбасары заңда педагогтардың кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі көрсетілгенін, сондай-ақ материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу мен әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларды қамтитынын атап өтті.

«Педагогтарға халықаралық олимпиада жүлдегерлері үшін үш лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы түрінде көтермелеу қарастырылған. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі оқытушыларға жер учаскесіне басым құқық берілген. Әрбір бап нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген. Олар іс жүзінде орындалады, қағаз бетінде қалмайды. Аталмыш нормалар балалармен жұмыс істейтін барлық тұлғаларға қатысты», - деді ол.

Өз баяндамасын Бақтияр Мәкен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қара сөзімен қорытындылады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақала өз уақытында дер кезінде шықты және маңызды деп санаймын. Себебі, ұлы ақынның арқасында біз бүгінде ұстаздықтың жақсылығын түсініп отырмыз. Ол кісінің «Адамның адамгершілігін жақсы ұстазынан білуге болады» деген жақсы сөзі бар», - деп сөзін түйіндеді әкім орынбасары.

Айта кетсек, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңы 2019 жылдың 30 желтоқсанында қабылданды.