Әлемдегі ең үздік жоғары оқу орнына айналған Кембридж университетінде елордалық 5 мектептің мұғалімдері мен қалалық Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскерлері біліктілігін арттырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Share» халықаралық жобасын жүзеге асыру аясында 1-7 желтоқсан аралығында Кембридж қаласында Bottisham Village College, Sawston Village College және Кембридж университетінің білім беру факультетінде рефлексирлеуші практик мұғалімдердің қатысуымен бірнеше пайдалы workshop өтті.
Халықаралық жобаға елордалық № 37, 58, 59, 67, 76 мектептерінің мұғалімдері мен Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскерлері қатысты. Шара барысында мектеп өмірі, мәдениеті, құндылықтары, көзқарасы, миссиясы және зерттеу қызметі, мектеп педагогтарын оқыту және оқыту тәжірибесін жетілдіру туралы дәрістер оқытылды. Сондай-ақ, ұстаздар рефлексивті зерттеу қауымдастығын құру, өзгерістерді басқару, өзгерістерді зерттеудің және іс — әрекеттегі тәжірибені зерттеудің негізгі процестері (Action research) секілді мәселерді талқылады.
Одан бөлек, мұғалімдер психолог-зерттеуші Коллин Маклафлин мен Кейт Эванспен кездесіп, сұрақтарына мазмұнды жауаптарды алды. Іс-шара барысында 2020 жылдың 20-21 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін алдағы workshop бағдарламасы талқыға салынды.