Елорда басшысы Әсет Исекешев қалалық әкімдікте еңбек ететін қызметшілердің қанша айлық алатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы елордадағы басқарма басшыларының айлығы 170 мың теңге шамасында болды. Бұл ретте олар басқарып отырған басқармалардың бюджеті 70 млрд теңгеден асатынын айта кету керек. Тиімді, кәсіби әрі ашық басқаруды қамтамасыз ету үшін, әрине, айлықты өсіріп, кәсіби кадрларды тарту керек болды. Басқарма басшылары мен орынбасарларының лауазымдық айлығының мөлшері екі есеге - 500 мың теңгеге дейін, ал бөлім басшыларының айлығы 2,5 есеге - 350 мың теңгеге, бас мамандардың айлығы 2 есеге - 290 мың теңгеге дейін өсірілді. Демек, біз басшылардың, негізінен төменгі және орта буынның айлығын өсірдік», - деді әкім «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының отырысында.
Оның айтуынша, Астана әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің айлық еңбекақысы оларға деген талаптардың жедел артуына байланысты пилотты жоба аясында өсірілген. Әсет Исекешев сонымен бірге, осы жылдың басынан бастап қалалық әкімдіктегі 104 вакантты орынға 700 өтінім келіп түскенін, әр лауазымға 7 үміткерден келгенін атап өтті.
«Айлықтың жайдан-жай өсірілмейтінін, негізгі тиімділік көрсеткіші бойынша арттырылатынын айта кету керек. Осының арқасында жыл басынан бері мемлекеттік қызметке «Болашақ» бағдарламасының 13 түлегін, квазимемлекеттік сектордың 7 топ-менеджерін тартуға мүмкіндік туды. Кадрлар ауысымының мөлшері 3 пайыздан 0,4 пайызға дейін азайды», - дейді қала басшысы.
Оның айтуынша, әкімдікті трансформациялау қосымша штаттарды тартпай-ақ жаңа бағыттарда кадрлық құрамды күшейтуге жол ашқан.
«Өздеріңіз білетіндей, бұл газдандыру. Келесі жылы біз қаладағы ЖЭО-ны, бірнеше тұрғын үйлерді - Көктал, Оңтүстік-Шығыс, содан кейін шаһардың өзге де аудандарын газдандырамыз. Электрэнергия және энергия үнемдеу, қала құрылысындағы урбанистикалық әдіс, цифрландыру амалдары мен киберқауіпсіздік саясаты мен өзге де көптеген әдістер арқылы ішкі резервті тартып, оны күшейтуге мүмкіндік алдық», - дейді әкім.
Айта кетсек, бұдан бұрын қала басшысы Астанаға халықтың көптеп көшіп келуінен мемлекеттік қызметшілердің жұмысы ауырлай түскенін айтқан еді. Оның үстіне Әсет Исекешевтің айтуынша, өткен жылы 9 құрылымдық бөлімше қысқартылған.