24 қаң, 2018 сағат 11:03

Елордалық сәбилерге жиі қойылған есімдер белгілі болды

Елордада өткен жылы дүние есігін ашқан сәбилерге Әлихан мен Айзере атты есімдер жиі қойылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

2017 жылы елордада дүниеге келген 405 сәбиге Айзере есімі беріліпті. 354 рет қойылған Айлин деген есімі екінші орында. Үздік үштікте Әмина есімі тұр, 353 ата-ана өз баласына осы есімді таңдаған.

Айару, Айша, Раяна, Аяла, Кәусар, Дария, Әдия, Інжу, Айым және Томирис есімдері де өткен жылы қыз балаларға қойылған есімдердің арасында алдыңғы қатарда тұр. 

Ал ұлдар арасында жиі қойылған есімдердің үштігіне Әлихан, Әмір және Әли есімдері кіреді. Елордада 12 ай ішінде бұл есімдер 328, 255 және 222 балаға берілді. Сондай-ақ, астаналық ата-аналар өздерінің ұл балалары үшін жиі таңдаған есімдердің арасында Айсұлтан, Санжар, Ерасыл, Арлан, Арсен, Нұрислам, Алан, Мансұр, Рамазан, Мирас және Әлинұр есімдері де кездеседі. 

Балаларға елде болып жатқан оқиғаларға байланысты есім қою дәстүрі де өзгерген жоқ. Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде «Есіл» ауданының АХАТ бөлімшесінде ұл балаға қойылған Бәдібэкспо есімі тіркелді. 

«Есіл», «Сарыарқа» және «Алматы» аудандарының АХАТ бөлімшелері берген мәліметтерге сәйкес, елордада 2017 жылы Астанада дүниеге 34 087 сәби келген. 2016 жылы бұл көрсеткіш 32 056 баланы құрады.