Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің жеке құрамы қала шетінде оқу-жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жеке құрам қаладан шамамен 30 шақырым жердегі оқу-жаттығу полигонында күнделікті дайындық жұмыстарын жүргізеді екен. Алдымен, аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға бейімделген Полиция департаментінің Арнайы мақсаттағы бөлімшесі алыс және жақын қашықтықта нысана көздеді. Заманға сай жарақтанған сарбаздардың бірін сөзге тарттық. Басшылықтың бұйрығына сай, бетпердесін шеше алмайтынын және аты-жөнін атай алмайтынын түсіндірген қызметкер, өз ойымен бөлісуден қашқан жоқ.
«Бүгін атыстан дайындық жұмыстарын пысықтап, жеке және топ құрамында даярлығымызды шыңдадық. Сонымен бірге, көлік құралын, мәселен, автобусты лаңкестер басып алған жағдайда ешбір адам зардап шекпейтіндей мақсатты көздеп, дағдымызды тексеріп көрдік. Ондай жағдайда қылмыскерді еш құрбансыз ұстау міндеті қойылады. Бөлімшеміздің міндеті – департаменттің, ІІМ басшылығының бұйрығын бұлжытпай орындау. Мұндай оқу-жаттығу жұмыстарын күн сайын жүргіземіз. Сонымен бірге, денені қалыпта ұстауға, оның даярлығына ерекше маңыз беріледі», - дейді ол.
Сарбаздың айтуынша, қызмет бабында қарапайым азаматтарға қауіп төнетін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Мәселен, былтыр елордада ломбардтардың біріне қылмыскер тап беріп, сондағы қызметкер әйелдің өміріне қауіп төндірген. Алайда сақ сарбаздардың арқасында ешкім зардап шекпей, қылмыскер қолға түскен.
Оқу-жаттығу жұмысына кинологтар да келді. Департаментке қарасты Кинологиялық қызмет орталығынан әскери мамандар «Вектор» мен «Куба» атты екі ит алып келген. Олармен жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, қызметтік иттердің өзі бірнешеге бөлінеді. «Вектор» мен «Куба» қылмыс кезінде күдіктілерді ұстайтын «шабуылдаушы» иттер екен.
«Вектор» мен «Куба» қашып бара жатқан қылмыскерді қалай ұстау керектігін көрсетті. Арнайы қалың киім киіп, қаша жөнелген сарбазға бірден жеткен иттер кез келген күдіктінің құтыла алмайтынын дәлелдеді.