10 қыр, 2019 сағат 16:27

Елордалық көпбалалы ана қос бірдей баспанаға ие болды

«Qazaqstan» арнасындағы «Niet» бағдарламасында көпбалалы анаға екі баспана сыйға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" телеарнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бес балалы жалғызбасты ана, екінші топтағы мүгедек Зүлфия Жұмабаева бағдарламаға  көмек сұрап хабарласқан. Оның паналайтын тұрақты баспанасы болмаған.

«Осыған дейін демеушілердің, қайырымды жандардың көмегімен күн көріп жатырмыз. Балалардың күнделікті қажеттілігін зейнетақыға аламын. Мұқтаждығымыз – тек баспана», - деген көпбалалы анаға тікелей эфирде Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғыны хабарласып, екі бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты. Бұл бағдарлама ұжымы үшін де, көмек сұрап келген көпбалалы ана үшін де күтпеген жағдай болды. Одан бөлек, «Қарекет» қайырымдылық қорының өкілдері үш бөлмелі баспананың кілтін табыстады», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен бірге, екі сағат тікелей эфирде жүретін бағдарламаға 80-ге жуық адам қоңырау шалып, Зүлфия Жұмабаеваға қаржылай көмек ұсынды. Эфир барысында көпбалалы ананың денсаулығына медициналық тексеріс қажет екені айтылған. Бұл мәселені «Niet» жобасының сарапшылар құрамындағы мамандар назарға алмақ.

Айта кетейік, күзгі телемаусымда «Qazaqstan» Ұлттық арнасы әлеуметтік бағыттағы «Niet» бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Тікелей эфирде өтетін әрбір хабар белгілі бір адамның, отбасының мәселесіне арналып, арнайы сарапшылардың ақыл-кеңесімен шешімін табады.