Елордалық дәрігерлер коронавирус инфекциясына байланысты карантинге жатқызылған азаматтардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қаласының Көпбейінді медициналық орталығының инфекционист дәрігері Сәуле Атығаева жұмыс күні сағат таңғы жеті жарымда басталып, түннің бір уағына дейін жалғасатынын айтады. Әлбетте түнгі ауысым да бар. Жұмыс күн сайын жоспарланады.
Дәрігерлер пациенттердің температурасы мен жағдайын үнемі тексеріп отырады. Денсаулық жағдайы жақсы азаматтар босатылады. Науқастарға барар алдында дәрігерлер қажетті қорғаныс киімдерін киіп, барлық қауіпсіздік шараларын қабылдайды. Бейнежазбада әр бөлімде қажетті құрал-жабдықтардың бары көрініп тұр. Атап айтқанда, ауаны залалсыздандыруға арналған рециркуляторлар, желдету жүйесі жұмыс істейді.
«Біздің барлық палата біркісілік. Интенсивті терапия бөлімінде науқастар жоқ. Бүгін біз науқастарды қабылдауға дайынбыз. Екі орынды бөлме, науқастың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін төсек жанында мониторлар, дефибриллятор, оттегі жеткізгіш бар. Яғни, егер өкпесі қабынған адам немесе тыныс алу жеткіліксіздігі бар ауыр науқас келсе, онда біздің реаниматолог оған көмек көрсете алады», - дейді Сәуле Атығаева.
Ауруханада сонымеен қатар электрокардиограмма бөлмесі, ғимараттан шыққан кезде антисептик бар.
Дәрігерлердің айтуы бойынша, пациенттерді тамақтандыру жағынан мәселе жоқ. Мысалы бүгінгі мәзірде пациенттерге жаңа піскен көкөністерден жасалған салаттар, күріш және кеспе сорпасы, пісірілген балық қосылған картоп пюресі берілген.