Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық көлік ішінде зарарсыздандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" CTS компаниясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 наурыздан бастап №1 Автобус паркінде жылжымалы құрамды зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Автопарк 70 бағдар бойынша қызмет көрсетеді, оның ішінде 40 қалалық, 6 экспресс және қала маңына қатынайтын 24 бағдар бар. Жалпы автобус саны - 661.
«Бүгіннен бастап жүргізушілер соңғы аялдамаларда күніне екі рет автобустардың ішін, яғни адам қолы тиіетін жерлерді: шынтақшаларды, есік тұтқаларын, орындықтар мен валидаторларды дезинфекциялайды. Таблеткалар «С-01» деп аталады. Өнім Қазақстанда жасалған. Бұл дезинфекциялық ерітінді аллергия тудырмайды және ешқандай иіс шығармайды» делінген хабарламада.
Ауысым аяқталғаннан кейін бағдарлар жуу орнына кіреді, онда барлығын көлік жуушылар тазартады.
Бүгінде елорда қоғамдық көлігіне 6 автобус паркі қызмет көрсетеді. Бағдарлық желі 93 маршруттан тұрады, оның ішінде 63 қалалық, 6 экпресс және қала маңына қатынайтын 24 бағдар бар. Күн сайын 800-ге жуық автобус линияға шығады. Қазіргі уақытта барлық бағдарлар бекітілген кестеге сәйкес қатынайды.
Автобустарды соңғы аялдамада дезинфекциялық ерітінділермен зарарсыздандыру үшін CTS компаниясы елорданың барлық автобус парктеріне хаттар жолдады.