01 нау, 2022 сағат 16:07

Елордалық 5 млн теңгесін алаяққа бергенін білмей қалды


Елордада 60 жастағы қала тұрғыны алаяққа жем болып, 5 млн теңгеден астам қаражатынан айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полицияға қала тұрғыны шағымданып, телефон арқылы банк қызметкерімін деп хабарласқан бейтаныс адамның алдау арқылы 5 млн 250 теңге ақша қаражатын алып қойғандығына арыз түсірді. Есіл аудандық ПБ криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шарасы барысында Алматы қаласында алаяқтық жасау күдігімен 31 жастағы жігіт ұсталды», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен. 

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қаскүнемнің өзін банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерімін деп таныстырғанын, зардап шегушіге ұялы телефондағы қосымшасынан күдікті операция жүргізілгендігін айтып, сендіргенін анықтады. Осыдан кейін алаяқ зардап шегушіге ескі қосымшасын бұғаттап, жаңасын ашуға кеңес берген. Әңгімелесу барысында жігіт сыпайылық танытып, әйелдің сеніміне кірген. Жаңа қосымша ашылғаннан кейін алаяқ зардап шегушінің барлық ақшасын KIWI әмиянға аударып алған. 

«Күдіктіден 10 банк картасы тәркіленді. Ұсталған адам Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190 бабы 3 тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар өзге де адамдарды табу, алаяқтардан басқа да зардап шеккендерді анықтау бағытында тергеу іс-шаралары қолға алынды», - деп атап өтеді департаменттен.