04 қар, 2019 сағат 16:12

Елордаға газ тартылған соң жылу бағасы қымбаттайды - Ермек Қизатов

Газ тартылғаннан кейін елордада жылу тарифі қымбаттайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов айтты.

«Жылу тарифі айтарлықтай шарықтап кетпейді. Шаршы метріне алғанда аз ғана қымбаттайды», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, газбен қамту жобасын іске қосу кезең-кезеңімен іске асады.

«Біз көмірден бірден бас тартпаймыз. Мұның бәрі шамамен бес жыл ішінде жүзеге асады. Сол себепті жылу бағасы бірден қымбаттап кетпейді», - дейді ол.

Сондай-ақ, жеке секторлардың газ немесе көмір қолдануда таңдау мүмкіндігі бар.

«Әкімдіктің мақсаты - газ қолдану үшін барлық жағдайды жасау. Елордада газдың бағасы көмірден арзан болмайды. Оған екі себеп бар, оның бірі - жол шығыны. Көмір Павлодар, Қарағанды сияқты көрші облыстардан алынса, газ кемінде мың шақырымдық жерден тартылады. Газ тасымалдау - айтарлықтай шығыны мол жұмыс. Екінші себеп - қазып алатын көмір мен құбыр арқылы келетін газдың айтарлықтай айырмашылығы бар, сол себепті газ бірнеше есе қымбат болады. Дегенмен, газ тартудың артықшылығы көп», - дейді Ермек Қизатов.