Нұр-Сұлтан қаласында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Ақомола облысының жәрмеңкесіне астаналықтар ерте жиналып жатыр. Бұл біздің қуантады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 200 млн теңгеден астам соманы құрайтын 500 тоннадан астам өнім әкелінді. Оның ішінде 80 тонна ет, 28 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері, 4 тоннадан астам балық, 20 тонна ұн, 41,3 тонна көкөніс және өзге де ауыл шаруашылық өнімдері жеткізілді. Сондай-ақ, бақша ағашының көшеттері жеткізілді», - деді Ақомола облысының әкімі Ермек Мыржықпаев жәрмеңкеде.
Әкімнің айтуынша, жәрмеңкеде 50-ден астам азық-түлік түрін базар нарығынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылуда.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеге Ақмола облысының 2 қала мен 17 аудандағы кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынып жатыр. Олардың арасында «Гормолзавод» ЖШС, «Садовое» ЖШС, «Нәтиже» ЖШС, «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Ижевский» өндірістік кооперативі» ЖШС, «Бижан» ет өңдеу кәсіпорын» ЖШС, «Краснояр шұжығы» ЖШС, «Айбат» ЖШС, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС, «Капитал Проджект» ЖШС бар.
Екі күнге созылатын ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі елордадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық алаңында өтіп жатыр.