13 нау, 2020 сағат 11:15

Елордадағы сауда желілері азық-түлікпен қамтамасыз етілген - Ерлан Бекмырзаев

Елорданың барлық сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Шынымен де әлеуметтік маңызы бар тауарарды жеткізудегі іркіліске қатысты мәселе болған еді. Апта басында қала басшылығы жедел кеңес өткізді. Бүгінгі күні азық-түлік тауарларын жеткізуде ешқандай іркіліс жоқ. Барлық сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті көлемімен қамтамасыз етілген», - деді ол.

Басқарма басшысының атап өтуінше, «Магнум», «Астықжан», «Small», «Кен Март» сауда желілерінде, сонымен қатар «Шапағат», «Артем», «Еуразия» базарларында азық-түліктің қалаға қажетті көлемі бар. 

«Алаңдауға ешқандай себеп жоқ. Біз арнайы сараптама да жүргіздік. Сауда желілерінің атап өтуінше, 2008 жылғы дағдарыста, 2013, 2014 жылдардағы теңге құнсыздануы кезінде азық-түлікті жаппай сатып алуы алғашқы 3-4 күнде орын алған. Содан кейін бәрі тынышталады. Қажетті барлық азық-түлік бар. Аталған сауда желілері азық-түлік тауарларын жеткізушілермен келісімшарт жасасқан. Алаңдауға да, байбалам салуға да еш себеп жоқ», - деді Ерлан Бекмырзаев.