Бұдан бұрын елорданың полицейлеріне тапсырылған «Ramada Plaza» қонақ үй кешені Қаржы министрлігінің балансына берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысына сәйкес, бұрынғы «Ramada Plaza» қонақ үй кешенінің ғимараты республикалық меншікке – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің балансына беріледі. Қазіргі уақытта құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы мен ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің арасында қабылдау-тапсырау актілеріне қол қойылып жатыр», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетсек бұған дейін «Ramada Plaza» қонақ үй кешеніне қалалық полиция департаментінің қызметкерлері баратыны хабарланған болатын.
«Ramada Plaza қонақ үйін елордалық полицейлерге сұрап отырмыз», - деген еді былтыр Ішкі істер министрі қызметін атқарған Қалмұханбет Қасымов.
Тіпті ол Ramada Plaza қонақ үйіне бірінші болып астанадағы Байқоңыр ауданының полицейлері көшіп баратынын мәлім еткен еді.