28 там, 2019 сағат 11:53

Елордада жолақы қымбаттай ма: Көлгіновтің жауабы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында қоғамдық көлік ақысына қатысты жоспарларын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық көлік қатынасына енгізілген онлайн төлем мен карточка жүйесін пәрменді шара деп атауға болады. Ашықтық пен транспаренттілік арқасында көлеңкелі экономиканың үлесі азайды. Әрине, қазіргі тарифтің шығыны көп. Сондықтан субсидия төлеп отырмыз. Дәл қазір2019 жылдың соңына дейін тарифті көтеру жоспарда жоқ», - деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ елорда әкімі бір автобустан екіншісіне тегін ауысып отыру рұқсатын алып тастау мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді.

«Тегін ауысып отыруға келетін болсақ, ол қазір бар. Реформа аясында оның өзін-өзі қаншалықты ақтайтынын қарауымыз керек. Өйткені, автобустарды күтіп ұстау біздің міндетімізге кіреді. Үнемі қосалқы бөлшектерін жаңалап, жүргізушілерге айлық төлеу қажет. Жанармай сатып алу сияқты өзге де шығындар бар. Экономиканы да есептейміз. Содан кейін ғана шешім қабылдаймыз», - деді қала басшысы. 

Бұдан бөлек, ол астана іргесіндегі Қосшы елді мекенінің ұлғаюы және оның қаладағы қоғамдық көлік қатынасына әсері жөнінде айтты.

«Қосшыда  тұрғын үй алабы барған сайын ауқымын арттырып келеді. Біз қазір қоғамдық көлікке үлкен қажеттілік пайда болғанын сезініп отырмыз. Өйткені Қосшыда тұрып, елордада жұмыс істейтіндердің саны өте көп. Десе де, елорданың қоғамдық көліктерін дамыту үшін көп жұмыс атқарылғанын ескеру керек.  Біріншіден, автопарктің басым бөлігі жаңартылды. Бұл қуантарлық жайт. Әсіресе біздің шұғыл континентті климатымыз үшін бұл өте маңызды. Жылы аялдамалар салынып жатыр. Біз «Астана LRT» көлік компаниясына әрбір проблемалы учаскемен жүйелі түрде айналысуға шақырдық. Қажет болса, қосымша маршруттар ашып, автобустар жүктемесін азайту керек. Ал өзін-өзі ақтамайтын маршруттарды субсидиялауымыз қажет. Сондықтан, мәслихаттың таяудағы сессиясында субсидияға қосымша 2 млрд теңге бөлдік. Бірақ бұл жеткіліксіз», - деген әкім қалада автобус жүргізушілері жетпей жатқанын еске салды.

«Алдағы уақытта субсидиялауға 9 млрд теңге қажет болады. Өйткені сервис сапасы бойынша мәселелер бар. Жүргізушілердің жүктемесі ауыр екенін мойындау керек. Есіңізде болса, қоғамдық көлік жүргізушінің өлімі тіркелген болатын. Мұның бәрі жұмысқа деген көзқарасқа, қызмет көрсету сапасына байланысты. Сондықтан, қазір жүргізушілер тапшылығы бар», - деді ол.