Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы Елдор Райымбеков елордадағы жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін көшелерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлбетте, қала көшелері бойынша әрдайым талдау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Жол-көлік оқиғалары көбірек тіркелетін аумақтар бар. Мәселен, Тәуелсіздік пен Пушкин көшелерінің қиылысында автокөліктер көбінесе солға бұрылған кезде қарсы келе жатқан көлікті жібермей жатады. Осының салдарынан бетпе-бет соқтығысады. Бауыржан Момышұлы көшесі мен Тәуелсіздік көшелерінің, Абылай хан мен Момышұлы көшелерінің қиылысында да сондай жағдай. Әсіресе, үлкен көшелердің қиылысында жол-көлік оқиғалары жиірек тіркеледі», - деді Елдор Райымбеков.
Оның айтуынша, үлкен көшелердің қиылысында бағдаршамның қиылысында қызыл шамы жанғаннан кейін стоп сызыққа тоқтауы тиіс. Алайда жүргізушілер кейде асығып, жол-көлік оқиғаларына ұшырап жатады.
«Қыста көліктер өзара қашықтықты сақтай бермейді. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілсе, бізге, яғни «102» нөміріне бірден хабарлама келіп түседі. Осыдан кейін кезекші бөлімдер зардап шегушіден жауап алып, материалдарды іске тіркеп, әкімшілік сотқа жолдайды», - деді ол.