Елордада жарықтың сөніп қалу оқиғасына байланысты брифинг өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«10 қараша күні сағат 03:50 минутта 101 қызметіне хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, Сығанақ көшесі, 12-үйдегі 5 метр электр кабелі жанып жатқаны анықталды. Оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылып, аварияны жою жұмыстары белсенді жүргізілді», - Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдай департаментінің өкілі Райымбек Әлімғазыұлы.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ернат Бәзіл дәл қазіргі уақытта қаладағы барлық нысандарға жарық берілгенін жеткізді.
«Арнайы топ екі күн жұмыс істеп, аварияның салдарын толық жойды. Қазіргі уақытта ғимараттар мен көп қабатты кешендердің барлығына электр қуаты берілді. Тек «Бәйтерек» монументі мен «Москва» бизнес орталығы жарты сағаттан кейін электр қуатына қосылады», - дейді Ернат Бәзіл.
Кабельдік желілерді қалпына келтіру үшін 15 адамнан тұратын авариялық-қалпына келтіру бригадасы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы апатты жағдайға байланысты арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Сондай-ақ, елордада жарықтың сөніп қалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.