05 ақп, 2020 сағат 16:44

Елордада тісін емдеткеннен кейін, комаға түскен баланың қазіргі жағдайы айтылды

Дәрігерлер стамотологиялық клиникаларының бірінде тісін емдеткеннен кейін ес-түссіз қалған баланың жағдайын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Айдын Әшімхановтың айтуынша, қыз бала жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, трахеотомиялық түтіктен дем алып жатыр.

«Баланың жағдайы өте ауыр, тұрақты. Нашарлау белгілері жоқ. Барлық қажетті терапияны толық көлемде алып жатыр. Бірнеше рет консилиум жасалды, нейрохирургия және неврология саласындағы үздік шетелдік клиникалармен телекөпірлер өткізілді. Емдеу тактикасы бойынша бәрі келісілген. Жақында Татарстаннан делегация келді және ондағы жетекші балалар нейрохирургі кеңес берді», - деді Айдын Әшімханов тілшілерге берген сұхбатында.

Дәрігерлер әлі күнге дейін қыздың не себепті комаға түскенін айта алмай отыр.

«Бұл тақырып көп талқыланды, нақты ештеңе айта алмаймын, бірақ тіс емханасында ағза ауруды басатын дәрілерге реакция берген жоқ», - деді аурухана директорының орынбасары.

Балаға мидың ауыр аноксикалық зақымдануы диагнозы қойылды.

«Бала бізге 7 қаңтарда жеткізілді. Бүгін 29-күн жансақтау бөлімінде, тыныс алу аппараттарында жатыр. Бала комада болғандықтан, аппарат арқылы дем беріледі. Бірақ температуралық реакциясы жоқ, барлық көрсеткіштер тұрақты және зертханалық талдаудан айтарлықтай ауытқу табылмады», - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, әрі қарай емдеу шетелдік клиникалар мақұлдаған көлемде жалғасады.

Сонымен бірге Айдын Әшімханов баланы шетелде емдеу туралы сұраққа жауап берді.

«Басқа елге тасымалдау туралы айтар болсақ, бұл - өте қиын мәселе. Бұл тасымалдау баланың жағдайын нашарлатуы мүмкін. Өйткені бала тыныс алу аппаратында болғандықтан, кез-келген қозғалыс өмірлік маңызды функцияларға ықпал етуі мүмкін», - деді Айдын Әшімханов.

Еске сала кетсек, 7 қаңтарда елорданың стамотологиялық клиникаларының бірінде 2 жасар қыз тісін емдетіп, комаға түсті. Жағдайды ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз бақылауына алды.