11 ақп, 2020 сағат 13:40

Елордада «телефоным ұрланды» деп жалған арыз берген бойжеткен жауапқа тартылуда

Елорда тұрғыны ұялы телефонының жоғалып кеткенін айтып, полицияға негізсіз арыз жазған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласының «Сарыарқа» аудандық полциия басқармасына 24 жастағы бойжеткен шағымданып, қалаішілік автобустың ішінде 89 мың теңгелік «Huawei P Smart» ұялы телефонын қалтасынан біреудің жымқырып кеткенін айтқан. Істің мән-жайын анықтау кезінде полицейлер бойжеткеннің сөзінде шикілік барын сезді. Күдіктіні анықтау үшін полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасы арқылы жәбірленушінің өзі айтқан автобусқа отырмағанын білді», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінен.

Ақыры бойжеткен полицияға жалған арыз бергенін мойындаған. Анығында ол достарымен қыдырып жүріп, ұялы телефонын жоғалтып алған көрінеді. «Арыз жазсаң, тезірек тауып береді» деген достарының ақылын тыңдап, бойжеткен өтірік арыз жазуды жөн деп шешкен екен.

Енді арыз жазуға келген бойжеткеннің өзі ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы (көрiнеу жалған сөз жеткiзу) бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда.