Елордада полицейлер мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, Land Rover автокөлігін тізгіндеген азамат кешкі уақытта жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, елорданың жолдарында апаттық жағдайлар туғызған. Желікпе жүргізуші жоғары жылдамдықпен бағдаршамның тыйым салынған сигналына екі рет өтіп, автобус жолағына шығып кетіп, полицейлердің тоқтау туралы талаптарын елемеген.
Тәртіп бұзушы Республика даңғылындағы көліктердің тығыз ағынында ұсталды. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші көлікті “жеңіл дәрежедегі” мас күйінде басқарған.
"Сонымен қатар мультитесттен өту кезінде оның марихуана қолданғаны анықталды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 33 жастағы жүргізушінің 2020 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралын жеті жылға басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта құқық бұзушыға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде көлік құралын басқару) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, ПД Уақытша ұстау изоляторына қамауға алды" - делінген хабарламада.