2019 жылдың 7 айында өндірісте жарақаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға төмендеді.
Бұл туралы елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ел кәсіпорындарында 749 адам зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11 пайызға төмен. Алайда Нұр-Сұлтан қаласында өндірістік жарақат алу көрсеткіші айтарлықтай өсіп отыр», – деді Б.Нұрымбетов.
Министрдің дерегінше, 2019 жылы қала кәсіпорындарында 34 қызметкер зардап шегіп, оның ішінде 7 адам қаза тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70 пайызға артық.
«Бұл ең алдымен 23 мамырда «Астана Су Арнасы» МКК-де орын алған, 4 адам қайтыс болып, 1 адам қатты уланған топтық жазатайым оқиғаға байланысты. Тергеу нәтижелері бойынша жазатайым оқиғаның негізгі себебі кәріз ішіндегі ауа талдауының газталдағышпен жүргізілмегені, қызметкерлерге газқағарлардың берілмегені, сондай-ақ, наряд-рұқсатнама бермей жұмысқа жіберілгені анықталды. Осы себептерге сүйене отырып, жұмыс беруші лауазымды тұлғалардың кінәсі 100 пайыз дәлелденді» – деді ол.
Кеңесті қорытындылай келе, Біржан Нұрымбетов елорда әкімдігіне 2019 – 2023 жылдарға арналған еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының және өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды; жалақы, өндірістік жарақаттану, еңбек жанжалдары бойынша берешектің себептеріне тұрақты негізде талдау жүргізуді және оларды жою жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды; жұмыс берушілердің еңбекақы бойынша берешектерді жою жөнінде нақты жоспарлар жасауды; өндірістік тәуекелдің жоғары деңгейі бар әрбір кәсіпорында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынды.