Нұр-Сұлтан қаласында медициналық маскаларды қымбат бағаға сатқан бір топ азамат анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2020 жылғы 18 наурызда ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесе отырып заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісін анықтады. Республикадағы төтенше жағдайға орай елордалық бір топ азамат халыққа қымбат бағада 55 мың дана медициналық масканы сатумен айналысқан. Сондай-ақ, олардың бұл маскаларға берілетін арнайы құжаттары болмаған. Масканы сатудан түскен пайданың жалпы сомасы 12 млн 500 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген мәліметте.
Қазақстандықтар бетперделерді қымбат бағаға сату фактілері туралы сенім телефондарына хабарлай алады.
«Егер медициналық маска мен антисептика құралдарының бағасын негізсіз көтеру фактілерінің куәсі болсаңыздар, келесі сенім телефондары бойынша: ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті – 8 (7172) 70-84-78, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ЭТД – 8 (7172) 31-61-45 хабарласуды сұраймыз», - деді ведомстводан.