Елордада маршруттық автобусты ұрлап, айдап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«3 ақпан күні сағат 07:06-да «102» нөміріне маршруттық автобус жүргізушісінен шағым келіп түсті. Жетіген, 34 мекенжайында белгісіз ер адам «MAN SL» маркалы автобусты айдап әкеткен. Жүргізушінің айтуынша, таңертең автобусты оталдырып, қыздыру үшін уақытша қалдырған. Ол диспетчер бөліміне кіріп шыққанша, кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам жолаушылар автобусын айдап әкеткен», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.
Бірақ ол алысқа ұзамаған. Тәртіп сақшылары сағат 7:18-де видеобақылау камералары арқылы оны Республика даңғылы мен Ы. Дүкенұлы көшесінің қиылысында ұстады.
«Медициналық тексеру барысында, 28 жастағы тұрғынның алкогольді ішімдікке орташа деңгейде мас болғаны анықталды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы, 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - дейді департаменттің баспасөз қызметі.