12 ақп, 2020 сағат 10:41

Елордада қыс бойы 4,5 млн тонна көмір жағылады

Желсіз күндері Нұр-Сұлтан қаласын қою түтін басады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз экологияны ойлауымыз керек. Қазіргі уақытта бұған қатысты қиындық бар. Күн суық және желсіз күндері қаланы қою түтін басады. Осындай көрініс былтыр да болған, биыл да байқалады. Бұл адамның денсаулығына зиян келтіреді. Қала тұрғындарының саны жыл өткен сайын арта түсетінін ескерсек, бұл мәселе тереңдей береді», - дейді Алтай Көлгінов.

Ол қалаға газ тарту бұл мәселені шешуге көмектесетінін айтты.

«Қыс мезгілінде 1-жылу электр станциясы мен 2-жылу электр станциясы 3 миллион 800 мың тонна көмір жағады. Жеке секторлар 500 мың тонна көмір жағады. Сонда қыс бойы шамамен 4,5 миллион тонна көмір жағамыз. Бұл – атмосфераға 40 мың тонна зиянды заттардың бөлінуі дегенді білдіреді. Біз осымен тыныстап жатырмыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол ауа ластайтын заттардың бірі – көліктер екенін айтты.

«Көліктер саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Біз бұл туралы ойлауымыз керек. Қалаға газ тарту ауа ластануының төрттен бір бөлігін азайтады. Көбі газ бағасы туралы сұрақ қояды. Қазір есептеу жұмыстары жүріп жатыр», - дейді қала әкімі.