04 мау, 2019 сағат 11:33

Елордада көпбалалы отбасыларға 150 пәтер берілмек

Нұр-Сұлтанда "көпбалалы отбасы" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жалға берілетін 150 пәтердің сертификаттарын табыстау басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Көпбалалы отбасыларға арналған 150 пәтер "Берекелі баспана" қалалық бағдарламасы аясында беріледі. Пәтерлерді беру екі кезеңнен тұрады.

Алғашы кезең 17 маусымға дейін өтеді. Мұнда тұрғындар тиісті құжаттарын жинап, әкімдікке өткізуі тиіс. Ал екінші кезең 15 шілдеде ұйымдастырылады. Онда бағдарламадан өткен көпбалалы отбасыларды пәтерлерге қоныстандыру жұмыстары жүргізіледі.

"Көпбалалы отбасы" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға  жалға берілетін 150 пәтердің сертификаттарын беру басталды. Бұл аз қамтылған көпбалалы отбасылардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, қала тұрғындарының әл-ауқатының жоғарылауына септігін тигізеді", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда 46 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 3 мыңнан астамы көпбалалы отбасы. Биылғы жылдың соңына дейін көпбалалы аналар, тұрмысы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандарға шамамен 2 мың пәтер беріледі.

"Көпбалалы отбасы" санатында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар тиісті мәліметті алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (Р.Қошқарбаев, 39) жүгінуі тиіс, байланыс нөмірі: 79-34-50.