16 нау, 2020 сағат 08:15

Елордада қоғамдық орындарға бармастан қандай қызметтерді онлайн алуға болады?

Елорда әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова қоғамдық орындарға бармай-ақ қызметтерді онлайн алуға болатынын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Құрметті тұрғындар, елімізде коронавирустың таралмауы жөніндегі арнайы шаралардың қабылдануына байланысты қоғамдық орындарға барудан аулақ болу ұсынылады. Сондықтан сізге кейбір қызметтерді онлайн алуға болатындығын ескертеміз», деп жазды М. Бектұрова Telegram-дағы парақшасында.

iqala.kz порталында үйден шықпай-ақ жарық, су, электр, телефон және қызметтердің 100-ден астам түрін қосу бойынша келісімшартқа қол қоюға болады.

«Сонымен қатар сіз лифт пен көлік картасын толықтыра аласыз, коммуналдық қызметтерге ақы төлей аласыз, көлік салығын есептей аласыз, су есептегіштердің көрсеткіштерін тексеріп, қайырымдылыққа салым жасай аласыз, сонымен қатар Smart Astana қосымшасында карантинге қатысты барлық ақпаратты ала аласыз.

e.astana.kz порталында онлайн режімде баланы кезекке қоюға немесе оның қозғалысын қадағауға, ПМПК емтиханына тіркелуге немесе балабақшадан орын алуға болады», деп жазды қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, тұрғындар цифрлық қызметтерді пайдаланып, өзіне және жақындарына қамқорлық жасауы керек, қоғамдық орындарға баруды барынша азайтуы тиіс.